2021 ЖЫЛЫ ТМККК ЖӘНЕ МӘМС БОЙЫНША МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕККЕ ҚАНША ҚАРАЖАТ БӨЛУ ЖОСПАРЛАНУДА
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен 2020 жылғы қызмет қорытындылары және 2021 жылға арналған міндеттер бойынша ҚР ДСМ кеңейтілген алқа отырысында 2021 жылға арналған негізгі бағыттар мен бастамалар туралы ӘМСҚ Басқарма Төрағасы Болат Төкежанов мәлімдеді.
Халыққа медициналық жәрдем көрсетуге 1,8 трлн теңге бөлініп отыр, оның ішінде ТМККК бойынша қызметтерге – 1,1 трлн теңге, МӘМС – 0,7 трлн теңге. Биыл Қор амбулаториялық-емханалық және стационарды алмастыратын көмектің қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етуге, ауылдық денсаулық сақтауға қолдау көрсетуге ниетті, оны қаржыландыру 20% - ға өседі.
Сондай-ақ, қашықтықтан көрсетілетін медициналық көмекті, скринингтік бағдарламалардың, мейірбике ісі мен патронаж қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарлануда.
«Іске асырудың бірінші жылында медициналық сақтандыру жүйесі бәріміз үшін үлкен сынаққа - коронавирус пандемиясына тап болды. Осы жағдайларға қарамастан, МӘМС іске асырудың бірінші жылының қорытындылары медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыс істегенін және медициналық көмек көлемін арттыру үшін жағдай жасағанын көрсетті. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, Қор ағымдағы жылы белгіленген жоспарлар мен жаңа бастамаларды іске асыруға ниетті», - деді Болат Төкежанов.