№7 қалалық клиникалық ауруханада 20 жастағы пациенттің бас сүйегі қайта қалпына келтірілді. Күрделі операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жасалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Хабарламаға сүйенсек, жас жігітке осымен екінші рет ота жасалып отыр. Бұған дейін пациент жоғарыдан құлап, ауыр бас-ми жарақатын алған. Алғашында мамандар сүйекті тесіп трепанация жасап, протез орнатқан болатын.
«Пластикалық операциядан кейін науқас тағы құлап, орнатылған протезді сындырып алған. Әріптестермен ақылдаса келе, бір мезетте сынған акрил протезді алып тастап, титаннан жасалған 3D пластина орнату туралы шешім қабылдадық», - дейді №2 нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ильдар Құрмаев.
Маманның айтуынша, краниопластика деп аталатын ота әдетте, бастағы ұйыған қанды, ісікті алғаннан кейін, бас сүйектің сынған бөліктерін алып тастағаннан кейін жасалады. Ол мидың қайта зақымдануына жол бермей, жарақаттан кейін болатын асқынулардың алдын алады.
Пациенттер операциядан кейін жетінші күні ауруханадан шығады, отаның орны 10-12 күннен соң жазылады.
«Біздің бөлімшеде жыл сайын бас-ми жарақатын алған 1 мыңға жуық пациент емделеді. Бір жылда бас сүйек дефектілерін жабу бойынша 100-ге жуық операция жасалады. Олардың арасында Алматының ғана емес, еліміздің түрлі өңірлерінен келген тұрғындар да бар. Акрилді цемент протездердің, титан торшалар мен пластиналардың үлгісін қолмен және 3D компьютермен модельдеу тәсілдері қолданылады», – дейді Ильдар Құрмаев.