Б. Сағынтаев ковидтік стационарлардың дайындығын тексерді
Қала әкімі РВ-90 И. Жекенова атындағы Жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына барды
Б. Сағынтаев ковидтік стационарлардың дайындығын тексерді
Алматыда омикрон-штаммның таралуымен коронавирус инфекциясы дертінің өскені байқалады. Осыған байланысты қала әкімі жұмыс сапары барысында инфекциялық стационарлардың қосымша төсек-орындарды орналастыруға дайындығын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бақытжан Сағынтаев РВ-90 И. Жекенова атындағы Жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына барды. Бүгінде мұнда КВИ-мен ауыратын 199 пациент бар, оның ішінде 21-і ЖИТБ-те. Стационардың жалпы қуаты – 500 төсек, оның ішінде 45 төсек реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде.
Сондай-ақ, қала әкімі Орталық қалалық клиникалық ауруханада және №7 ҚКА-да КВИ бар науқастарды қабылдауға дайындықпен танысты. Бас дәрігерлер ковидтік бөлімшелердің жұмысы жалпы медициналық көмек көрсетумен қатар жүргізілетінін хабарлады.
20 қаңтардағы жағдай бойынша Алматыда коронавирустық инфекцияның 2 057 жағдайы тіркелген, оның ішінде 1 866 симптомды жағдай. Инфекциялық стационарларда 1 350 пациент, оның ішінде 187 бала бар. ЖИТБ-те – 71 науқас.
Жалпы, ковидтік стационарлардың қуаты 9 340 төсек-орынды құрайды, оның ішінде 730 реанимациялық. Бүгінде 3 310 орын қолданыста, резервте 6 030 орын бар.
Б. Сағынтаевқа ОҚКА базасында ашылған телемедицина орталығының жұмысы туралы баяндалды. ТМО мамандарының бақылауында 10 188 пациент бар. Бұл сан ағымдағы жылдың 1-20 қаңтар аралығында 20 есе өсті. Орташа алғанда, пациенттерге шамамен 5 мың қоңырау шалынады. 20 қаңтарда 8 458 қоңырау соғылды, оның барысында науқастың жағдайы сұралып, КВИ емдеу бойынша ұсынымдар беріледі.
Қала әкімі сондай-ақ №7 аурухана базасында орналасқан КВИ-ға қарсы вакциналардың қалалық қоймасына барды. Қоймадағы және егу пункттеріндегі I және II компонентті вакциналардың қалдығы «Синофарм» вакцинасының 207 733 дозасын, «КазВак» вакцинасының 176 349 дозасын, Pfizer 254 782 дозасын құрайды. Б. Сағынтаев халықты КВИ-ге қарсы екпе алуға, сондай-ақ ревакцинациядан өтуге шақырды.
Өткен тәулікте бірінші компонентпен – 2 218 адам, екіншісімен – 1 978 адам вакциналанды. 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап I компонентпен 1 095 040 адам, II компонентпен – 1 042 772 адам егілді. Егілгендердің жалпы санынан 60 жастан асқандар 123 885 адамды құрайды. Pfizer (Comirnaty) вакцинасын 35 909 адам алды, оның ішінде 1 953 жүкті, 7 652 бала емізетін әйел және 26 304 бала мен жасөспірім.
Сол күні Б. Сағынтаев КВИ таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі штаб отырысын өткізді. Ковидтік стационарлардың бас дәрігерлері пациенттерді қабылдау және емдеу динамикасы туралы баяндады. Балалар мен жүкті әйелдерді емдеуге ерекше көңіл бөлінеді. 1-20 қаңтар аралығында қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына КВИ бар 346 бала түсті. Инфекциялық бөлімшелерде 102 жүкті әйел бар.
Қала әкімі АМСК-тің, Телемедицина орталығының жұмысын күшейтуді және резервтік төсек-орындарды орналастыруға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан басқа, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік жөніндегі шараларды жалғастыру, сондай-ақ халықты вакцинациялау мен ревакцинациялауды жандандыру қажет. Б. Сағынтаев ұжымдық иммунитетті қалыптастыру пандемияның кезекті толқынына қарсы тұрудың бірден-бір сенімді әдісі болып табылатынын атап өтті.
Ақпарат көзі: https://almaty.tv/kz/news
https://gkb7.kz/kz/klinika-turaly/zhanalyktar/2575-b-sa-yntaev-kovidtik-statsionarlardy-dajyndy-yn-tekserdi#sigProId8a16f202e2