МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРҒА БЕКІТІЛУ БОЙЫНША ҚОЙЫЛАТЫН ТОП 6 СҰРАҚ
Қыркүйек айының 15-нен бастап Қазақстанда амбулаториялық көмек көрсететін ұйымдарға еркін тіркелу науқаны басталады. Біз ең көп қойылатын сұрақтарға жауаптар дайындадық. Қосымша ақпаратты біздің бейне нұсқауларымыздан таба аласыз.
Айта кетейік, тіркеу науқанын өткізуге жергілікті денсаулық сақтау басқармалары жауапты болады. Сондықтан тіркеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша медициналық ұйымдарға немесе өзіңіз тұратын облысыңыздың, қалаңыздың Денсаулық сақтау басқармасына хабарласуыңыз қажет.
Емханаға бекітілу туралы өтініш қанша уақыт ішінде қаралады?
Емханаға бекіту немесе бекітуден дәлелді тұрғыда бас тарту 1 жұмыс күні ішінде қаралады.
Не себепті үйге жақын емханаға тіркелу маңызды болып саналады?
- Медициналық көмек алу үшін үйден емхенаға 15-20 минутта жаяу жүріп жетуге болады.
- Екіншіден, медициналық көмектің үйде көрсетілуіне, соның ішінде дәрігерді немесе мобильді бригаданы үйге шақыру мүмкіндігіне қолжеткізесіз.
- Барлық емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс жасайды және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған жағдайда ғана оған медициналық көмек үйде көрсетіледі.
Мен бір мезгілде бірнеше емханаға бекітіле аламын ба?
Сіз қай уақытта да тек бір емханаға бекітіле аласыз, себебі бекітілу сіздің ЖСН жеке нөміріңіз бойынша жүзеге асырылады. Қажетті емханаңызға бекітілгеннен кейін, сізді бұрынғы емхана автоматты түрде бекітілімнен босатады.
Егер мен бекітілу науқаны кезінде өтініш бермеген болсам не болады?
Ондай жағдайда сіз өзіңізге бұрын қызмет көрсетілген емханада бекітілген болып қаласыз.
Бекітілу науқаны кезінде мен басқа емханаға бекітілу үшін өтініш бердім, ол жерде медициналық көмекті қай уақыттан бастап алуыма болады?
Келесі жылдың 1 - қаңтарынан бастап алатын боласыз. Ағымдағы жылдың соңына дейін сіз өзіңізге бұрын қызмет көрсетілген емханада бекітілген болып қаласыз және медициналық көмек алуды сол жерде жалғастырасыз.
Қандай жағдайларда сізді емханаға бекітуден бас тартуы мүмкін?
- Жалған ақпарат берілген жағдайда
- Пациенттің нақты тұру мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасқандығы анықталған уақытта
- Жалпы практика дәрігеріне бекітілген халықтың саны 1,7 мың адамнан, учаскелік педиатрға – 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асып кеткен жағдайда
- Бекітілетін тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмаған кезде.