Вакцинасыз шешім жоқ, осыны жақсы түсіну керек, ағайын!
Б. Сағынтаев алматылықтарға үндеу жолдады
Эпидахуалдың қаншалықты күрделі екенін туған-туыстан, ағайыннан, жора-жолдастан біліп отырсыз. Араларында ауырып қалып жатқандар бар. Тіпті, қайтыс болғандар да бар. Бұл дегеніміз – әлі күнге дейін эпидахуалдың өте күрделі екенін түсінбегенімізде немесе түсінгіміз келмейтінінде. Жеңіл дерт деп ойлаймыз. 1,5 жыл болды індетпен арпалысып келеміз. Егер сіз ойлағандай жеңіл болатын болса, баяғыда өтіп кетер едік. Оның бір шешімі жоқ. Әр штамм пайда болған сайын күрделеніп барады. Қазір, міне, дельтаны көріп отырмыз. Өте қиын жағдайға алып келді. Оны науқастардың санынан-ақ көруге болады. Біздің клиникаларға күн сайын 700-750 науқас түседі. Тұрғындардан вакцина алуға үндеп жатырмыз. Вакцинацияның өзіне қарсы қанша әңгіме айтылды. Вакцина керек дегенге сенбейміз, керек емес дегенге көбірек сенеміз.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев