Дәрігерлер дәруі
Денсаулықты қорғау, түрлі дерттердің алдын алу мақсатында жолға шыққан №7 емхана қызметкерлері, атап айтқанда Алдын алу және психоәлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің жауапты дәрігері Айнұр Әлшерова, педиатр дәрігер Ұлжалғас Әбдиева, СӨС кабинетінің медбикесі Гулфайрус Боранқұлова және психолог Дана Мамлеева емханаға тіркелген үйлерге барды. Ақ халатты «қонақтар» көпбалалы жандармен, жаңадан отау құрған жастармен өздерін мазалаған сауалдар төңірегінде әңгімелесіп, жауапкершіліктің рөлін түсіну жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Саламатты отбасы, бұл – саламатты ұлт. Біз көптеген аурудың алдын алу мақсатында іс-шараларды үнемі ұйымдастырамыз. Мұндай қайырымдылық шарасын енді жиі өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің мекеменің дәрігерлеріне және мейірбикелеріне алғысымды білдіремін. Себебі осындай іс-шараларға аянбай еңбек етіп, толықтай атсалысады», дейді профилактика бөлімшесінің жауапты дәрігері Айнұр Мейірбекқызы.
Сонымен қатар мегаполисте «Мен – алматылықпын» қоғамдық бірлестігі мен «Қоғамдық бақылау» тобы ерекше балалардың иммунитетін қолдау акциясын да өткізіп жатыр.
Адамдардың 10%-ы ғана туғаннан бастап күшті иммунитетке ие екендігі белгілі. Қалған уақытта оны көтеріп, күшейту керек. Аллергиялық аурулардың өсу статистикасы жыл сайын 10-20% құрайды. Өкінішке қарай, Алматыда бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Барлық аллергиялық аурулар балалық шақта пайда болғандықтан, аурудың одан әрі өсуін болжауға болады. Сондықтан аллергиялық респираторлық аурулармен ауыратын балаларды бақылау және емдеу қазіргі уақытта өте өзекті. Әдетте, аллергия әлсіз иммунитеттен туады, нәтижесінде организм қоздырғыш аллергендерге қатты әсер етеді. Иммунитеттің төмендеуі түрлі факторға байланысты. Оның негізгі себебі, қолайсыз экологиялық жағдайлар мен зиянды тамақтану, сапасыз өнімдерден пайда болады. Көктем мен жаз айларында иммундық жүйенің тозаң, терек үлпектері, жәндіктер, микроорганизмдер басқа да заттарға реактивтілігі әрдайым артады, бұл көбінесе бронх демікпесіне әкеледі.
Бұл жолы еріктілер балаларға тыныс алу жүйесі ауруларымен күресуге және иммунитетті жақсартуға көмектесу мақсатында Алматы қаласы мен Алматы облысындағы балалар ауруханаларына барды. Балаларға танымал брендтердің бірі, суық тию мен аллергиялық аурулардың көріністерін жеңуге ғана емес, сонымен қатар ең алдымен, оның пайда болуына жол бермейтін өнімдер беріледі. Еріктілердің көмегімен №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына, «Ақсай» республикалық балалар клиникалық ауруханасына, Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына (ГРЭС), Қаскелең қаласындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасына балалар денсаулығына пайдалы жиынтықтар жеткізілді. Яғни микроэлементтерге бай ерітінді дайындауға арналған «Лейка» және Адриатикалық теңізінің тұзы бар 30 қапшықтан тұратын жиынтық берілді. Күнделікті профилактикалық процедуралармен пакеттердің ұсынылған саны бір айға жетеді.
Көзі: https://egemen.kz