Біздің мекенжай:Қазақстан, Алматы қ., «Калкаман» ықшамауданы
  • Городская Клиническая Больница №7
  • Городская Клиническая Больница №7

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың құрылғанына биыл 30 жыл. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған медициналық мекемеде ...

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың құрылғанына биыл 30 жыл. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған медициналық мекемеде Тәуелсіздіктің 57 төл құрдасы жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№7 қалалық клиникалық аурухана 1991 жылы пайдалауға берілген. Бүгінгі күні онда 1800-ден астам қызметкер жұмыс істейді, оның 57 -сі Тәуелсіздікпен құрдас жас кадрлар.

«Біздің жастар өздерін болашақ білікті маман екендерін пандемия кезінде дәлелдеді. Бүкіл әлем күресіп жатқан коронавирус инфекциясының алдын алуға және емдеуге олар да атсалысты. Жас дәрігерлер, терапевтер, эндокринологтар, кардиологтар тәжірибелі әріптестерінің басшылығымен жедел жәрдем бөлмесінің, «лас аймақтар» деп аталатын клиниканың және уақытша жұқпалы аурулар бөлімшелерінің жұмысына барып, клиникада алдыңғы қатарда жүрді. Олардың барлығы алғашқы күннен бастап өздерінің жауапкершіліктерін сезініп, ауыр жұмысқа дайын болды. Дәрігерлер коронавирус пандемияның жаңа сатыларына оқытылды»,- деп атап өтті аурухананың баспасөз қызметі.

Коронавирус ифекциясын жұқтырғандарды емдеумен айналысатын дәрігерлердің бірі Ұлжан Апбасова.

«Мен №7 қалалық клиникалық ауруханада 5 жылдан бері жұмыс істеймін. Қазіргі уақытта №1 инфекциялық бөлімін басқарамын. Бізге жүктелген міндеттің жауапкершілігі зор. Әр науқастың өмірі үшін күресеміз. Пандемия басталғалы біздің бөлімде коронавирус жұқтырған 1500 науқас емделіп шықты. Бізге пациенттеріміз, олардың туыстары рахмет айтып жатады. Бұл әлбетте біздің болашақ жұмысымызға үлкен серпін береді, шабыттандырады», - дейді Ұлжан Апбасова.

Тәуелсіздіктің тағы бір құрдасы терапевт-нефролог Лаура Гаражаеваның айтуынша бастапқыда дәрігерлер короновируспен күресуге психикалық тұрғыдан дайын болмады.

«Бастапқыда барлық медициналық қызметкерлер коронавируспен жұмыс істеуге психикалық жағынан дайын болмады. Белгісіз вирус, бұрын зерттелмеген ауру, бүкіл әлем онымен алғаш рет кездесті. Әлемдегі медицина бұл қауіпті инфекцияны қалай тиімді емдеу керектігін білмеді. Біз де қорықтық. Бірақ біз кәсіби міндетімізді өзгерте алмайтынымызды түсіндік және «қызыл аймаққа» баруға келісім бердік.Тәжірибелі әріптестеріміздің нұсқаулары, клиника басшылығының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің әдістемелік ұсынымдарының және емдеу хаттамаларының арқасында біз, жас дәрігерлер, тез жиналып, сенімді түрде азаматтарымызды құтқаруға бел сыбана кірісіп кеттік. Бұл жұмыс осы күнге дейін жалғасуда», - дейді Лаура Гаражаева.

Тағы бір кейіпкеріміз Айбек Тұралиев Алматыдағы қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің нейрохирургия резидентурасын бітірген. Оның айтуынша, резидентурада оқыту үдерісі оңай болған жоқ.

«Мен №7 қалалық клиникалық ауруханасында 4 жыл резиденцияда болдым, үлкен медицина әлемінде өз орнымды шамалы болса да таптым. Осы уақытқа дейін мен ми және жұлынға, сондай-ақ ми тамырларына 1000-ға жуық ашық және аз инвазивті операцияларға көмек көрсеттім. Өз бетімен 60-қа жуық ми операциясын жасадым», - деді жас нейрохирург.

Аталған ауруханада жұмыс істейтін Тәуелсіздіктің құрдастары елімізбен бірге есейгендерін айтады.

«Адам баласының дүниеге келуі немесе өмірден өтуі оның еркінен тыс табиғи құбылыс. Әйтсе де мен дәл 1991 жылы дүниеге келгенімді тағдырдың ерекше сыйы деп түсінемін.Тәуелсіздіктің құрдасы екенім маған терең жауапкершілік жүктейді. Елмен бірге есею – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Саяси тұрғыдан алғанда Тәуелсіздік бізге ең алдымен Елбасын, өзіміз таңдап сайлау құқығын берді. Тәуелсіздіктің басты нышандарының бірі мемлекеттік дербес туы мен Елтаңбасы және әнұраны болуы. Біздің бойымызда мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен оған ұқыптылықпен қарау, аяқ асты етпеу секілді қасиеттер орнықты деп санаймын»,- дейді нейрохирург Еркебұлан Меркібеков.

Материал көзі: www.inform.kz